Главная страница » Сәбит Мұқановтың 125 жылдық мерейтойы атап өтілді.

Сәбит Мұқановтың 125 жылдық мерейтойы атап өтілді.

by EurasiaPluse
0 пікір

Бұл туралы EurasiaPluse ақпарат агенттігі хабарлады.

Сәбит Мұқанов 1900 жылы Солтүстік Қазақстан облысының қазіргі Жамбыл ауданында дүниеге келген. Ауыл молдасынан білім алып, хат танып, халық ауыз әдебиетіне қызығып, жастайынан жыр-толғаулар мен қисса-дастандарды жаттап өседі. 14-15 жасында өзі де өлеңдер жаза бастаған.

1918-1919 жылдары Омбыдағы мұғалімдік курста оқыды. Еңбек жолын 1919 жылы ауылда мұғалім болып бастады. 1921-1922 жылдары Ақмола губерниясы мемлекеттік саяси басқармасының әскери бөлімінде қызмет атқарды. Ал 1922-1926 жылдар аралығында Орынбордағы жұмысшылар факультетінде білім алуда болды.

1926-1928 жылдары «Еңбекші қазақ» газетінің бөлім меңгерушісі және Қазақстан Мемлекеттік баспасының бас редакторы болып еңбек етті. 1928 жылы Петропавл қаласында «Кеңес ауылы» газетінің редакторы және жазушылар бөлімінің жетекшісі болды. 1930 жылы жергілікті ақын-жазушылар шығармалары негізінде «Жарыс» альманахын шығарды.

1932-1935 жылдары Мәскеудегі Қызыл профессорлар институтының әдебиет бөлімінде оқыды. 1935-1937 жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінің редакторы болып, Қазақстан Жазушылар одағын басқарды. 1937-1941 жылдары Қазақ педагогикалық институтында (қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті) профессор болып, қазақ әдебиетінен сабақ берді. 1943-1951 жылдары екінші рет Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы қызметін атқарды.

1958-1969 жылдары Дүниежүзілік Бейбітшілікті қорғау комитеті кеңесінің мүшесі, 1965-1969 жылдары Араб елдерімен достық және мәдени байланыстар қоғамы қазақ филиалының төрағасы болып қызмет етті.

Сәбит Мұқановтың қазақ әдебиетінде роман жанрын дамытуға қосқан үлесі ерекше. Оның «Адасқандар» шығармасы қазақ әдебиетіндегі алғашқы романдардың бірі болып саналады. Жазушы бұл романды 1959 жылы «Мөлдір махаббат» деген атпен қайта шығарды. Бұл шығарма қазақ тарихындағы алғашқы әлеуметтік-психологиялық туынды.

Сонымен қатар, «Шоқан Уәлиханов» драмалық шығармасы — оның көп жылдық зерттеу жұмысының қорытындысы. Бұл еңбекте көрнекті ағартушы-демократтың өмірі баяндалады. Сәбит Мұқановтың қаламынан әдеби сыншы ретінде көптеген сыни мақалалар мен әдеби, тарихи-этнографиялық зерттеулер жарық көрді.

Оның есімі Солтүстік Қазақстан облыстық әмбебап ғылыми кітапханасына, облыстық қазақ сазды-драма театрына берілген. Петропавлда оған арналған көшелер бар, ал Сәбит ауылында жазушының мемориалдық музейі, мүсіні және Алматыда атындағы ескерткіш мүсіні жұмыс істейді. Жазушы екі рет Ленин орденімен, екі рет Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерімен және медальдармен марапатталған.

Айта кетейік, бұған дейін СҚО-дағы Сәбит ауылының құрып кету қаупінде тұрғаны туралы ақпарат жарияланған болатын.

Фото: inform.kz сайтынан алынды

Қазір оқылып жатыр

EurasiaPluse.kz

Ел іші-сыртындағы өзекті жаңалықтар, сараптамалар, саяси және қоғамдық пікірлер

Соңғы жазбалар

@2025 — Барлық құқықтары қорғалған. EurasiaPluse.kz