Бұл туралы EurasiaPluse ақпарат агенттігі хабарлады.
Токио – Осака бағытындағы «Синкансэн» пойыздарының қозғалысы уақытша тоқтады
Жапонияда Токио мен Осака арасында қатынайтын жоғары жылдамдықты «Синкансэн» пойыздарының қозғалысы уақытша тоқтап қалды. Бұған ұзындығы бір метр болатын жыланның электр тарату желісіне оралып, электр қуатын тұйықтап тастауы себеп болды.
Kyodo агенттігінің хабарлауынша, оқиға «Майбара» мен «Гифу-Хасима» станцияларының арасында, кешкі сағат 17:00 шамасында болған. Жылан бағанаға өрмелеп шығып, электр сымдары арқылы өтіп кетпек болғанда тоққа түсіп, сол жерде қаза тапқан.
Электр жүйесіндегі ақауға қарамастан пойыз ішіндегі жарық пен кондиционерлер жұмыс істеп тұрды, алайда пойыздардың өзі жүрмей қалды. Осыған байланысты Токио стансасында билет сататын автоматтардың алдында ұзын-сонар кезек пайда болды.
Жапон теміржолында пойыз қозғалысы екі сағаттан кейін, кешкі сағат 19:00 шамасында толық қалыпқа келтірілді. Оқиға Алтын апта — Жапониядағы төрт ұлттық мереке тоғысатын ерекше кезеңде орын алып, елдегі негізгі көлік тораптары күшейтілген режимде жұмыс істей бастаған.
Айта кетейік, «Синкансэн» — әлемге әйгілі жапон жоғары жылдамдықты теміржол жүйесі. Токио мен Осака бағытындағы алғашқы желісі 1964 жылы Жазғы Олимпиада қарсаңында ашылған болатын.
Кілтсөздер: Синкансэн, Жапония, пойыз тоқтады, электр жүйесі, Жапония жаңалықтары, Токио – Осака, жоғары жылдамдықты пойыз
Фото: inform.kz сайтынан алынды