Бұл туралы EurasiaPluse ақпарат агенттігі хабарлады.
Жапония әлемдегі ең ірі кредитор мәртебесінен айырылды
2024 жылдың соңында Жапонияның таза сыртқы активтері 533,05 триллион иенге (шамамен 3,7 триллион АҚШ доллары) жетіп, бір жылда 13%-ға өсті. Бұл туралы Bloomberg агенттігі Жапония Қаржы министрлігінің мәліметіне сілтеме жасап хабарлады.
Алайда, биыл Германия Жапонияны басып озып, таза сыртқы активтері 569,7 триллион иенге жетті. Осылайша, 1991 жылдан бері бірінші рет Жапония әлемдегі ең ірі кредитор ел мәртебесінен айырылып отыр. Бұл жайында Bloomberg жариялады.
Үшінші орында Қытай тұр. Оның таза сыртқы активтері – 516,3 триллион иен. Таза сыртқы активтер – бұл елдің шетелдегі активтерінің жалпы құнынан елдегі шетелдік инвесторларға тиесілі ішкі активтердің құнын алып тастағандағы көрсеткіш. Бұл көрсеткіш валюта бағамдарының ауытқуын да ескереді және елдің төлем балансының ахуалын байқатады.
Германияның экономикасы тұрақты өсім көрсетіп, ағымдағы шот профициті 2024 жылы 248,7 миллиард еуроны құрады. Бұл жетістік, негізінен, сауда саласындағы табысты нәтижелермен байланысты. Жапонияның профициті 29,4 триллион иенге (яғни, 180 миллиард еуроға жуық) жетті. Өткен жылы евро мен иен арасындағы айырбас бағамы 5%-ға қымбаттап, Германия активтерінің құны Жапониядан артып түсті.
Жапония әлемдегі ең ірі кредитор ел атанған жылдары шетелге инвестиция тарту мен төлем балансындағы жоғары артықшылықтың нәтижесінде үлкен қаржылық үстемдікке ие болған. Дегенмен, соңғы жылдары жаһандық сұраныс Германия мен Қытайда күшейіп келеді.
Айта кетейік, жуырда Жапонияның ауыл шаруашылығы министрі күріш дауына байланысты отставкаға кеткен еді.
Кілтсөздер: Жапония экономикасы, сыртқы активтер, ең ірі кредитор ел, Германия, Қытай, төлем балансы, қаржы жаңалықтары.
Фото: inform.kz сайтынан алынды