Түрікменстан билігінің азаматтардың сыртқы келбетіне деген ерекше бақылауы жаңа деңгейге көтерілді. Ашхабадта жұмыс істейтін әйелдерге арналған жаңа дресс-код енгізілді:
- Тұрмысқа шыққан әйелдер сары көйлек киюі тиіс,
- Бойдақ қыздар сары орамал тағуы қажет.
Бұл туралы EurasiaPluse ақпарат агенттігі хабарлайды.
Түрікменстанда «сыртқы келбет» – мемлекеттік саясат
Жаңа тәртіптің ресми құқықтық негізі жоқ, яғни бұл – заң емес, жоғарыдан түскен кезекті «ұсыныс», оны ешкім дауламайды, тек үндемей орындайды. Кімде-кім бұған бағынбаса, жұмысынан айырылуы мүмкін.
Бұл жаңалық елдегі ерекше бақылау режимінің жалғасы ғана. Бұған дейін Түрікменстанда:
- Жас жігіттерге сақал өсіруге тыйым салынды;
- Ашхабадта ақ түсті көліктерден басқа барлық автокөлікке шектеу қойылды;
- Мемлекеттік мекемелерде әйелдерге сәндік косметика мен маникюр жасауға тыйым салынды.
Талдаушылардың пікірінше, Түрікменстан билігі қоғамның барлық қырын реттеуге тырысып, азаматтардың сыртқы келбеті мен жеке өміріне бақылау орнатуды мақсат еткен.
Келесі қадам қандай болмақ?
Бұл жаңа талап қоғамдық пікірді ешкім сұрамай-ақ енгізілген кезекті шектеу болып отыр. Егер осы үрдіс жалғаса берсе, болашақта адамдарды отбасылық жағдайына, балаларының санына қарай түрлі белгілермен бөлу идеясы да пайда болуы мүмкін.
Бұл елдегі басқару стилі – авторитарлық бақылаудың бір көрінісі. Түрікменстанда «мінсіз қоғам» жасау идеясы шын мәнінде тұрғындардың жеке еркіндігін шектеуге әкеліп соғуда.