Главная страница » «Қазақстан баяу болса да, банкротқа қарай жылжып бара жатыр ма?»: Мағбат Спанов

«Қазақстан баяу болса да, банкротқа қарай жылжып бара жатыр ма?»: Мағбат Спанов

Үкімет Ұлттық қордан бөлінетін трансферттерді бұрын-соңды болмаған деңгейде ұлғайтып қана қоймай, жоспардан тыс шетелден қарыз алып отыр.

by EurasiaPluse
0 пікір

Қазақстанның бюджетінде ахуал мәз емес. Үкімет Ұлттық қордан бөлінетін трансферттерді бұрын-соңды болмаған деңгейде ұлғайтып қана қоймай, жоспардан тыс шетелден қарыз алып отыр. Бюджетті уақытша «құтқарғанымен», мемлекетік қарыз өсті.

Фото: EurasiaPluse.kz, ЖИ

Осыған байланысты, келесі жылдың бюджетінде сыртқы да, ішкі де мемлекеттік берешекті өтеуге жұмсалатын шығындар өседі – сөйтіп, тұйық шеңбер пайда болады. Бұл жағдай Қазақстан экономикасының тұрақтылығына қаншалықты қауіп төндіреді? Бұл туралы EurasiaPluse порталы Exclusive.kz сайтына шыққан ҚазҰУ профессоры Мағбат Спановтың сұхбатын қазақ тілінде ұсынып отыр.


– Жақында Ұлттық экономика министрлігі Қазақстанның мемлекеттік қарызы ішкі жалпы өнімнің 23%-ын құрайды, бұл «қалыпты деңгейде» деп мәлімдеді. Заң мен халықаралық ұсыныстар бойынша, ол ІЖӨ-нің 30%-ынан аспауы тиіс. Сонда «жоғары мемлекеттік қарыз» мәселесін тым асырып жіберген жоқпыз ба?

– Экономикалық қауіпсіздік критерийлеріне сүйенсек, біздің мемлекеттік қарызымыз көп емес сияқты. Бірақ мәселе сол қарыздың негізгі бөлігі бюджет тапшылығын жабуға алынатынында болып отыр.

Бұған қоса, 30%-дық төлем балансындағы дефициттің шекті межесін Үкімет тек 2022 жылы бекітті, оған дейін 27% болатын, одан арыда одан да төмен еді. Үкімет бұл межені үнемі көтеріп отырады, өйткені шығындар ұлғайып келеді.

Осы тұста АҚШ-ты жиі мысалға келтіреді – олар да жыл сайын мемлекеттік қарыз лимитін өсіреді. Бірақ АҚШ өз ақшасын тек өзіне емес, күллі әлемге жұмсайды: одақтастарын қарумен қамтамасыз етеді, гуманитарлық көмек көрсетеді, несиелер береді, т.б. Ал Қазақстан өзінің ішкі сұранысын да өз бетінше өтеуге қауқарсыз. Бұл біздің ішкі экономикамыздың жағдайы жақсы еместігін көрсетеді.

Соңғы он жылда, 2022 жылы ғана біздің төлем балансымыздың сальдосы оң болды. Мен мұны Қаңтар оқиғаларымен байланыстырамын: сол кезде экономикалық іркіліс болып, тауарлар мен қызметтерді аз тұтындық, инфляция да жоғары болды.

Шын мәнінде, соңғы жылдары біз тапқанымыздан көп жұмсап келеміз. Басты мәселе – осы. Ал енді бюджетімізді құтқару үшін сырттан қарыз алған сайын берешегіміз одан әрі артып барады. Тұйық шеңбер осылай түзіледі. Соның өзінде бізде сыртқы сауда сальдосы әрдайым оң болып келеді. Бұл – парадокс.

Жалпы, несие алу – қалыпты құбылыс. Бірақ ол даму жобаларына жұмсалу керек, біздегідей ағымдағы мәселелерді шешуге, бюджеттің «тесіктерін» бітеуге, мемлекеттік басқарудағы сәтсіздіктерді жабуға емес.


– БАҚ-та айтылатын сандар көбіне тек мемлекеттік қарызға қатысты. Әдетте квазимемлекеттік сектордың қарызы қаперге алынбайды. Мемлекеттік берешек жайлы айтқанда, оны да ескеру керек пе? Егер соны қоса есептесек, қарыз бірнеше есе көбейеді. Мәселен, тек сыртқы қарызды алғанда, мемлекет пен квазимемлекеттік сектордың жиынтық берешегі шамамен 71 млрд доллар, ал таза мемлекеттік қарыз – небәрі 12,9 млрд болып шығады.

– Квазимемлекеттік сектордың қарызын, тіпті онда мемлекет үлесі аз болса да, есепке алған жөн. Бұрынғы бір мысалды алайық. Мысалы, Жамбыл облысына ауыл шаруашылығына қажет су Қырғызстаннан келеді. Осы суды тасымалдаумен айналысатын шаруашылық субъектілері (компаниялар) қырғыз жағына шамамен 20 млн доллар қарыз болып қалған. Сома үлкен емес. Бірақ ол компаниялар қарызды қайтарудан бас тартқан соң, Қырғызстан суды жауып тастады. Сол кезде Үкімет амалсыздан сол субъектілердің қарыздарын мемлекеттік бюджет есебінен өтеп беруге мәжбүр болды. Басқа жерлерде де осындай жағдай жиі кездеседі. Әсіресе мемлекетаралық кредиттік желілерге қатысты.


– Демек, мемлекет үлесі бар қандай да бір компания шетелден қарыз алса, оны өтей алмай қалса, салдары мемлекетке де ауыр тиюі мүмкін ғой?

– Иә, бұл үлкен проблемаға айналуы ғажап емес. Мысалы, Ұлттық банкті Қайрат Келімбетов басқарған тұста, мемлекет бұрын-соңды болмаған қадамға барып, экономикалық қауіпсіздігімізге қатер төндірді деуге болады. Қазақстан «ҚазМұнайГазға» 4 млрд доллар несие берді. Бұл ресми түрде Ұлттық банк «ҚазМұнайГаздың» 10% акциясына ие болатындай етіп рәсімделді. Бірақ халықаралық тәжірибеге сәйкес, Орталық банк мұндай шаруашылық қызметпен айналыспауы керек. Өйткені кредиторлар «ҚазМұнайГазға» талап қойса, ол талап Ұлттық банктің де шоттарына әсер етуі мүмкін. Себебі ол компанияның тең иесі саналады. Ал Ұлттық банк Бірыңғай зейнетақы қорын да, Ұлттық мұнай қорын да басқарады, тағы басқа маңызды активтер бар. Солардан айырылып қалуымыз мүмкін.

Мұндай жағдайдың мысалын қазір Ресейден көріп отырмыз: санкцияларға байланысты Батыс елдері Ресей Орталық банкінің және оған жақын мемлекеттік компаниялардың шоттарын бұғаттап тастады. Бізде де осындай қауіп туындауы ықтимал, тек сылтау басқа болуы мүмкін.

Немесе осыған ұқсас Стати ісін еске түсірейік. Қазақстан молдавиялық кәсіпкер Анатолий Статиге қарсы шағым түсірді. 1999 жылы ол Боранқұл мен Толқын кен орындарында мұнай өндіретін қазақстандық компаниялардың акцияларын сатып алған еді. Кейін оны салықтық заңнаманы бұзды деп айыптап, кен орындарын мемлекетке қайтарды. Стати халықаралық соттарға шағым берді де, нәтижесінде Қазақстанның бірнеше елдегі Ұлттық қор активтері бұғатталды.


– Алдағы уақытта қарыз жай ушыға түсуі мүмкін бе?

– 2025–2026 жылдары біз доллармен алынған бірқатар несиені көп көлемде өтеуіміз керек. Ол несиелерді шамамен 7–8 жыл бұрын алғанбыз, ал қазір төлейтін кезде теңгенің долларға шаққандағы бағамы қатты өзгерді: 300-ден 500-ге дейін. Демек, нақты төлем сомасы біз алған ақшадан да жоғары болады. Бұл – қарызды өтеу тұрғысынан үлкен мәселе.

Тағы бір мәселе – 2024 жылдың бюджеті мұнай бағасы барреліне 80 доллар болады деген есеппен жасалды. Шын мәнінде орташа баға 80 доллардан сәл төмендеу болды. Сонда да қарыз алуға тура келді. Ал Дүниежүзілік банк келесі жылы орташа баға 73 доллар шамасында болады деп болжайды. Кей сарапшылар тіпті 2024 жылғы АҚШ-тағы сайлауда Дональд Трамп жеңсе, мұнай бағасы баррелі 50 долларға дейін құлдырауы мүмкін деп отыр.

2025 жылғы бюджет шығындары биылғыдан да көп жоспарланып отыр. Ал негізгі табыс көзі – мұнайдың болжамды бағасы төмен, теңгенің долларға шаққандағы бағамы өсіп барады. Ондай жағдайда ақшаны қайдан табамыз? Тағы да қарыз алуға мәжбүрміз.


– Біздің қарызға кіріп кетпеуімізге мүмкіндік болған ба?

– 2000-жылдардың басында Қазақстанда бюджет профициті пайда болды, біз сол кезде «голланд ауруына» шалдықтық (экономиканың бір секторы, әсіресе ресурс өндіру саласы есебінен шетел валютасының көптеп келуі салдарынан елде инфляция өсуі және жұмыссыздық артуы). Сол кезеңде сыртқы қарыздардың барлығын сол артық валюта есебінен өтеп тастаған жөн еді, бірақ біз оның орнына тым қымбат жобаларды салумен айналыстық, соның кесірінен қарыз құрдымынан шыға алмай отырмыз.

Мысалы, LRT жобасын алайық. Оған қазірдің өзінде 1 млрд доллардан көп қаражат жұмсалды, бірақ ол әлі біткен жоқ. Оның үстіне болашақта ол талай жыл бойы шығынды болып, жылына 200 млн доллардай ақша тек оны ұстауға кетеді деп күтіліп отыр. Қазақстанда осындай жобалар аз емес, іздесе көп-ақ.


– Қазір бар қарызды өтеу не қысқарту мүмкін бе? Ал болашақта қарызға кіріп кетпеу үшін не істеу керек?

– Қысқарту мүмкін, бірақ ол үшін бірнеше батыл қадам қажет. Біріншіден, офшор арқылы ақша шығаруға тыйым салу керек. Ұлттық мұнай қоры құрылғаннан кейін бұл практика заңдастырылғандай болды, енді соны тоқтату қажет. Сонда салықтық түсімдер әлдеқайда өседі де, бюджетті жабуға сырттан ақша іздеп, қарызға бату қажеттілігі айтарлықтай азаяды, бәлкім, мүлдем болмауы мүмкін.

Екіншіден, «аяққа қарай көсілу» керек. Егер ақшамыз жетіспесе, шығындарды қысқарту қажет. Менің ойымша, алдымен мемлекеттік аппаратты ұстау шығындарын азайту керек, себебі олар бюджеттегі ең қомақты баптардың бірі. Мысалы, жоғары лауазымды шенеуніктердің шетел іссапарларына кететін ақшасы аз емес. Біздің басшылар ең алдымен ел ішіндегі шаруалармен айналысуы керек, шетелге барып, несие сұрап жүрудің орнына.

Үшіншіден, ішкі инвесторларды тартуға басымдық беріп, сыртқы инвесторларды біртіндеп ығыстыру саясатын жүргізген дұрыс. Біздің қарыздар көбіне шетелдік инвестицияларға қатысты міндеттемелерден құралады. Ал біз шетел инвесторларын қызықтыруға тырысып, өзіміздің инвесторларды елеусіз қалдырамыз. Шетелдік инвестор табысын шетелге шығарады. Ал жергілікті инвестор туған-туысына жаратса да, ақшаның бір бөлігі елдің ішінде қалады.

Қаңтар оқиғасынан кейін «ескі Қазақстан» өкілдерінің біразы шетелге кетіп қалды. Мен оларды «дубайлық қағанат» деп атаймын. Соны ескеріп, олардың капиталын елге қайтаруға бағытталған шаралар қабылдаған жөн. Іле-шала ескерте кетейін, қылмыстық жолмен табылған қаражат емес, легалды капитал туралы сөз болып отыр. Ол үшін «капиталды елге әкелсең, тәркілеу болмайды» дегендей кепілдіктер қажет. Мысалы, әрқайсысы бір зауыт немесе фабрика салсын, кейін оны мемлекетке өткізсін, одан соң ел ішінде еш алаңсыз бизнесін жалғастыра берсін. Бұл оңай мәселе емес, әрине, сондықтан мұны жан-жақты ойластыру керек.

Бұдан бөлек, мемлекеттік аппаратты да реформалау керек. Өйткені бюджеттің мәселесі көбіне біліксіз басқарудан туындайды. Мысалы, қазіргі Премьер-министрдің өз экономикалық бағдарламасы бар деп айта алмаймын. Оны «Аманат» партиясы тағайындады, бірақ бұған дейін, дұрысында, праймериз өтіп, премьер-министрлікке кандидат ретінде өзінің айқын бағдарламасын таныстыруы тиіс еді. Праймериз барысында ол жалғыз емес, бірнеше кандидат бәсекелесіп, әрқайсысы өз бағдарламасын жарияласа, дұрыс болар еді. Бірақ оның бірі де болмады. Бұл – тек мәселелердің бір бөлігі ғана.

Мұндай тағайындаулар партия алаңында және Парламентте ашық талқыланып, тіпті қоғамның қатысуымен қаралуы керек. Бірақ ондай жоқ. Сол себепті премьерлер бағдарлама ұсынбай келеді де, қызметтен кеткен соң да Парламент фракциясы алдында «мынаны орындадым, мынаны орындай алмадым» деп есеп бермейді. Қай жерге қанша ақша кетіп жатқанын, қандай несиелер алынғанын біз көбіне іс жүзінде орындалып болғаннан кейін бір-ақ біліп, еш әсер ете алмай қаламыз.

Соңғысы – біздің экономикалық үлгіні айқындап алуымыз керек. Қазіргі экономикалық саясат – мемлекетті «су бетінде» ұстап тұру үшін жасалған аралас-шаралардың жиынтығы ғана. Айта кетейін, соңғы бес жылда үшінші «Даму стратегиялық жоспары» іске асып жатыр. Егер экономиканың шынымен халық игілігіне жұмыс істеп, нақты нәтиже бергенін қаласақ, бізге нақты экономикалық модель қажет. Соған сүйенген жүйелі саясат жүргізілуі керек. Егер монетаристік модель десек – бір шаралар жиынтығы, кейнсиандық үлгі десек – мүлде басқа шаралар. Бізде қазір ешқайсысы емес, ортада қалқып жүрміз, сондықтан орнымыздан тапжылмай келеміз.

(Сұхбатты жазып алған – Руслан Ибрагим)

Қазір оқылып жатыр

EurasiaPluse.kz

Ел іші-сыртындағы өзекті жаңалықтар, сараптамалар, саяси және қоғамдық пікірлер

Соңғы жазбалар

@2025 — Барлық құқықтары қорғалған. EurasiaPluse.kz