Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қолдауымен құрылған Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінде бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған ашық есік күні өтті. Бұл шара қасиетті Рамазан айы мен әз-Наурыз мерекесі қарсаңында ұйымдастырылып, еліміздегі жалғыз ислами жоғары оқу орнының қызметі, дін мамандарын даярлау барысы және діни мәселелер жөнінде пікір алмасуды мақсат етті.
Бұл туралы EurasiaPluse ақпарат агенттігі хабарлайды.
БАҚ ӨКІЛДЕРІМЕН АШЫҚ ӘҢГІМЕ
Университет ректоры, профессор Ахмед Хусейн Мұхаммед кездесуді ашып, қасиетті Рамазан айымен құттықтады. Ол Қазақстан мен Мысыр арасындағы тарихи ынтымақтастық пен Нұр-Мүбарак университетінің халықаралық деңгейдегі маңызын ерекше атап өтті.
Ал университет проректоры, PhD доктор Ершат Оңғар ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Баспасөз – халықтың көзі, құлағы һәм тілі…» деген сөзін негізге ала отырып, журналистердің ел дамуындағы рөліне тоқталды. Сондай-ақ, діни білім беру саласындағы жаңа реформалар мен ақпараттық шабуылдарға қарсы қоғамның рухани иммунитетін қалыптастыру жолдарын егжей-тегжейлі баяндады.
– Қазақстанда діни білімге деген сұраныс жылдан жылға артып келеді. Мемлекетіміз бұл салаға ерекше мән беруде. Егер біз өз мамандарымызды оқытпасақ, жат ағымдардың ықпалы күшейуі мүмкін. Университет түлектері тек Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) ғана емес, мемлекеттік мекемелер, Дін істері басқармалары, ғылыми-зерттеу орталықтары, ҚР Ішкі істер министрлігі (ІІМ), түзету мекемелері және білім беру ұйымдарында да сұранысқа ие, – деді Ершат Ағыбайұлы.
НҰР-МҮБАРАК УНИВЕРСИТЕТІНІҢ МҮМКІНДІКТЕРІ
24 жылдық тарихы бар Нұр-Мүбарак университеті исламтану, дінтану, теология, шетел филологиясы, аударма ісі мамандықтары бойынша 3305 түлек дайындаған. Оның 88%-ы бүгінде жұмыспен қамтылған. Қазіргі таңда оқу орнында 2409 студент үш деңгейлі (бакалавриат, магистратура, докторантура) білім алып жатыр.
Оқытушы-профессорлық құрам:
• Қазақстандық білікті ғалымдар
• Мысыр мен Түркиядан келген 24 доктор, профессор
Халықаралық серіктестіктер:
• 22 шетелдік университетпен академиялық ұтқырлық бағдарламалары
• Ғылыми-зерттеу жобалары
• Конференциялар мен семинарлар
Бұл қазақстандық жастарға шетелге шықпай-ақ, исламтану мен теология саласында терең білім алуға мүмкіндік береді.
ЖУРНАЛИСТЕРГЕ ДІНИ ТҰРАҚТЫЛЫҚ БОЙЫНША АҚПАРАТ БЕРІЛДІ
Кездесу барысында БАҚ өкілдері университеттің күнделікті жұмысымен танысып, дін саласындағы өзекті мәселелер жөнінде сұрақтарына жауап алды. Сонымен қатар, жат ағымдарға қарсы жүргізілетін дерадикализация шаралары, университет жанындағы зерттеу орталықтарының жұмысы, Қазақстандағы діни білім беру жүйесінің даму бағыттары туралы толық мәлімет берілді.
Журналистер университеттің жаңа оқу ғимаратының құрылыс барысымен де танысты. Сондай-ақ, «Нұр-Мүбарак» қорының атқарып жатқан игі істері туралы ақпарат алды.
РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ ЖӘНЕ БЕРЕКЕЛІ АУЫЗАШАР
Шараның соңында Нұр-Мүбарак университеті БАҚ өкілдеріне қасиетті Рамазан айында рухани серпін сыйлау мақсатында ауызашар дастарханын жайды. Бұл жиын тек ақпарат алмасу алаңы ғана емес, журналистер мен дін саласының мамандары арасындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастықты арттыруға септігін тигізді.
Бұл бастама Қазақстандағы діни білім мен ақпараттық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған маңызды қадам ретінде бағаланды.