Франция президенті Эммануэль Макрон ел халқына шұғыл үндеу жариялап, Францияның ядролық қаруын бүкіл Еуропаның қауіпсіздігін қамтамасыз ететін «қолшатырға» айналдыруға дайын екенін мәлімдеді.
Макрон өз үндеуінде Ресейдің әскери әлеуетін күшейтіп жатқанын атап өтті. Президенттің айтуынша, Ресей 2030 жылға қарай 3 миллионға дейін сарбаз жұмылдыруды және 4 мың танк шығаруды жоспарлап отыр.

Әлемдегі ядролық арсенал саны және Францияның ядролық қаруы. Сарапшылар Франция Еуропа елдеріне 50-ге жуық ядролық оқтұмсықтарын орната алар еді дегенді айтуда.
«АҚШ-тың Еуропаны қорғаудағы ұстанымы өзгеруі мүмкін. Біз бұған қазірден бастап дайын болуымыз керек», — деді Макрон.
Сонымен қатар, Франция басшысы Украинаны қолдауды жалғастыруға шақырды. Оның айтуынша, бейбітшілік келісімі Ресейдің шарттарымен емес, әділетті негізде жасалуы тиіс.
Макрон Ресейдің келісімдерге деген сенімді жоғалтқанын, Минск келісімдерін бұзған елге тағы да сенім арту қауіпті екенін ескертті.
Осыған байланысты Макрон Францияның қарулы күштерін нығайтып, қорғаныс саласына көп инвестиция құятынын мәлімдеді. Ол жақын арада әскери өндірісті арттыру бойынша маңызды шешімдер қабылданатынын хабарлады.