2025 жылы Қазақстан ұлт руханиятының жарқын тұлғасы, қазақ әдебиетінің реформаторы һәм жазба әдебиетінің негізін қалаушысы Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойы ел көлемінде кеңінен тойланбақ. Бұл маңызды датаны Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жаңа жылдық құттықтауында атап өтті.
Абай Құнанбайұлының өмірбаяны
Ақынның шын есімі – Ибраһим, ол 1845 жылы қазіргі Абай облысы, Абай ауданына қарасты Қарауыл ауылында дүниеге келген. Арада 25 жыл өткен соң, ұлы ақын туған өңір қайтадан облыс мәртебесін алып, Абай есімімен аталды. Осылайша, Қазақстанда ұлы ақындардың құрметіне аталған екі облыс бар: бірі – Жамбыл, екіншісі – Абай.
Абай мұрасы
Абайдың әдеби мұрасы – қазақ әдебиеті мен руханиятының баға жетпес қазынасы. Ол жүздеген өлең, ондаған ән, бірнеше поэма және атақты 45 қара сөзін қалдырды.
Ақын Батыс пен Шығыс әдебиетін қатар меңгеріп, орыс классиктері Пушкин, Лермонтов, Крылов, сондай-ақ Батыс әдебиетінің тұлғалары Гете мен Байронды қазақ тіліне аударған. Оның «Масғұт» пен «Ескендір» поэмалары Шығыс әдебиетінің әсерін терең меңгергенін көрсетеді.
Абай шығармашылығының ерекшелігі – Батыс пен Шығыс мәдениетін біріктіре отырып, қазақ әдебиетін жаңа сатыға көтеруі. Сондықтан оны ұлт руханиятының реформаторы деп атау әділ баға болып табылады.
Ұлт ұстазының пікірі
Абайдың орны мен маңыздылығын Ахмет Байтұрсынұлы былай деп сипаттаған:
«Қазақтың бас ақыны – Абай Құнанбаев. Онан асқан бұрынғы-соңғы заманда қазақ даласында біз білетін ақын болған жоқ».
Бұл баға хәкім Абайдың қазақ әдебиеті мен мәдениетіндегі ең биік тұлға екенін көрсетеді.
2025 жыл: маңызды даталар
Абайдың 180 жылдығымен қатар, 2025 жылы елімізді басқа да бірқатар атаулы шаралар күтіп тұр. Бұл шаралар Қазақстанның рухани, мәдени және тарихи мұрасын дәріптеуге арналған.