Главная страница » Белгілі ғалым Сейіт Қасқабасов дүние салды.

Белгілі ғалым Сейіт Қасқабасов дүние салды.

by EurasiaPluse
0 пікір

Бұл туралы EurasiaPluse ақпарат агенттігі хабарлады.

Сейіт Асқарұлы Қасқабасов 1940 жылғы 24 маусымда Семейде туған. 1947 жылы Семейдің Жаңасемей бөлігіндегі №5 орта мектепке оқуға барған.

1970-1981 жылдары Қазақ КСР Ғылым академиясының Қоғамдық ғылымдар бөлімшесінде ғылыми хатшы, «Қазақ КСР Ғылым академиясының Хабарлары» журналының жауапты хатшысы қызметін атқарды.

1981-1983 жылдары Мәскеудегі КСРО Ғылым академиясының М. Горький атындағы Әлем әдебиеті институтында аға ғылыми қызметкер болды.

1983 жылдан бастап Алматыдағы М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтында аға, жетекші ғылыми қызметкер ретінде жұмыс істеді.

1989 жылы Мәскеу Мемлекеттік университетінде «Қазақ халық прозасының жанрлары» тақырыбында докторлық диссертация қорғап, ғылым жолындағы жетістіктерімен танылды.

1988 жылдан Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінде консультант қызметін атқарып, әдебиет пен өнер саласындағы саяси репрессия көрген тұлғаларды — Ж.Аймауытов, А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев және М.Дулатов сынды арыстарымызды ақтауға атсалысты.

1990 жылы Орталық Комитетте жаңадан құрылған Саяси процестер социологиясы орталығын басқарды. Сонымен қатар, идеологиялық комиссиясының мүшесі бола отырып, саяси-партиялық құжаттарды қайта қарау қажеттігі туралы жұмыстарды басқарды.

1991-1992 жылдары Қазақстан Президенті мен Министрлер Кабинетінің Аппаратында Мәдениет секторының жетекшісі, сондай-ақ Білім, ғылым, спорт және жастар ісі бөлімінің орынбасары қызметін атқарды.

1992 жылы Қазақстан Жоғары Аттестациялық Комиссиясының төрағасы болып тағайындалып, ғылыми атақтар мен дәрежелер беру ережелерін әзірледі.

1993 жылы ТМД елдері Жоғары Аттестациялық Комиссияларының Ассоциациясын құрып, оның президенті болды.

1994-1997 жылдары М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында директорының орынбасары, Қолжазба және текстология бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды.

1997-2001 жылдары Астанадағы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Еуразия» ғылыми орталығын ұйымдастырып, фольклор мен әдебиет тарихынан дәріс берді.

2001-2011 жылдары М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры болды.

2011 жылдан бастап Институттың «Фольклортану» бөлімін басқарды және бас ғылыми қызметкер ретінде еңбек етті.

Сейіт Асқарұлының «Казахская волшебная сказка» (1972), «Қазақтың халық прозасы» (1984), «Родники искусства» (1986), «Колыбель искусства» (1990), «Казахская несказочная проза» (1992), «Абай және фольклор» (1995), «Золотая жила» (2000), «Жаназық» (2002), «Қозы Көрпеш — Баян Сұлу. Қыз Жібек. Қазақтың ғашықтық жырлары» (2003), «XV-XVIII ғасырлардағы қазақ әдебиеті» (2005) және «О фольклоре и не только» (2005) және «Елзерде» (2008) сияқты көптеген monографиялары мен 300-ден астам ғылыми жұмыстардың авторы.

Фото: inform.kz сайтынан алынды

Қазір оқылып жатыр

EurasiaPluse.kz

Ел іші-сыртындағы өзекті жаңалықтар, сараптамалар, саяси және қоғамдық пікірлер

Соңғы жазбалар

@2025 — Барлық құқықтары қорғалған. EurasiaPluse.kz