Шығыс Қазақстан облысының әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен өткен алғашқы кеңейтілген аппараттық жиналыста су тасқынына дайындық барысы қаралды. Бұл туралы Todayinfo ақпарат агенттігі хабарлайды. Жиынға қала және аудан әкімдері бейнебайланыс арқылы, сондай-ақ Төтенше жағдайлар департаменті, «Қазгидромет», Жұмылдыру даярлығы және азаматтық қорғау басқармасы, Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы, «Қазсушар» филиалының өкілдері қатысты.
45 елді мекенді су басу қаупі бар
Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, облыстағы 45 елді мекенде су тасқыны қаупі бар. Бұл ауылдарда шамамен 4 мыңға жуық тұрғын тұрады. Әсіресе, Аягөз, Бесқарағай, Бородулиха, Көкпекті аудандарындағы 20 ауылдың жағдайы алаңдатарлық.
«Қазгидрометтің» Шығыс Қазақстан және Абай облыстары бойынша филиалының директоры Ләззат Болатқан биылғы қар деңгейі мен ауа райы болжамын ұсынды. Мамандардың айтуынша, Аягөз ауданында қар жылдағыдан әлдеқайда қалың. Наурыз айында күннің күрт жылынуы және жаңбырдың түсуі ықтимал.
Облыс әкімі Берік Уәли барлық қала-аудан әкімдерін тасқынға дайын болуға шақырды:
«Биыл көктем ерте шығады деген болжам бар. Алдын ала қамданып, нақты шаралар қабылдап, барлығына дайын болуымыз керек. Былтырғы су тасқынының салдарын білесіздер. Су басу қаупі бар аймақтардың қатарында тұрмыз. Сондықтан қала, аудан әкімдері дайындықты күшейтіңіздер», – деді аймақ басшысы.
Қордағы құм қаптарына қатысты ақпарат қайшылық тудырды
Жиында Жұмылдыру даярлығы және азаматтық қорғау басқармасының басшысының міндетін атқарушы Бауыржан Жарылғапов тасқынға қарсы материалдық дайындық туралы баяндады. Алайда, оның мәліметтері басқа құзырлы органдардың ақпараттарымен сәйкес келмеді.
«Баяндамаңызда әкімдіктер 65 140 қап құм дайындады дейсіз. Ал Төтенше жағдайлар департаментінің ақпараты бойынша 70 мың қап әзірленген. Кімнің айтқанына сенеміз? Бір облыста отырып, өзара байланыс жоқ. Осындай жауапсыздықтың кесірінен былтыр су тасқыны болды. Маңызды жиынға дұрыс дайындалмағаныңыз үшін ескерту беремін!» – деді облыс әкімі.
Көпірлер мен су арналары тазартылмаған
Өңірде 2025 жылдың 15 қаңтарында көктемгі су тасқынына қарсы іс-шаралар жоспары бекітілген. Құжатқа сәйкес, 28 ақпанға дейін көпірлер, су арналары мен арықтарды тазалау жоспарланған. Алайда, аймақ басшысы бұл жұмыстардың өз деңгейінде жүргізілмегенін сынап, жұмыстарды жеделдетуді тапсырды.
Сондай-ақ, Аягөз ауданының әкімі су тасқынына дайындықтың жеткіліксіздігі және төмен көрсеткіштері үшін сөгіс алды.
Гидротехникалық құрылыстардың жағдайы бақылаусыз қалмауы тиіс
Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Айнұр Ақмырза облыстағы гидротехникалық құрылыстар мен су қоймаларының жағдайы туралы баяндады. Алайда, облыс әкімі басқарма басшысының нысандарды өз көзімен көрмегенін анықтады:
«Басқарма басшысы барып, жағдайды өз көзімен көруі керек. Кабинетте отырып, анықтамаларға сүйенуге болмайды. Бұл – барлық басшыларға қатысты. Қазір қарап отыратын уақыт емес. Халық бізден нақты іс күтеді!», – деді Берік Уәли.
Аймақтың экономикалық көрсеткіштері қаралды
Жиында екінші мәселе ретінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері қарастырылды. Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Роза Құдайбергенқызы баяндама жасады. Көкпекті, Абай, Аягөз, Бородулиха аудандары мен Курчатов қаласында инвестиция тартудың нақты көлем индексі бойынша өсім байқалмай отырғаны айтылды.
Облыс әкімі ауыл шаруашылығы мен құрылыс салалары бойынша инвестиция тарту жұмыстарын жандандыруды тапсырды.
Аппараттық жиналыстар тұрақты түрде өтеді
Жиынды қорытындылай келе, облыс әкімі кеңейтілген аппараттық жиналыстардың аптасына бір рет өтетінін, өңірдегі өзекті мәселелер үнемі талқыланатынын мәлімдеді.